Шойынжол мамандарына арналған мерекелік кештің шымылдығы марапаттау рәсімінен басталды. Осы салада еңбек етіп жүрген азаматтар кәсіби мейрамдарында ерекше қошеметке бөленді. Солардың бірі – «Әскериленген теміржол күзетінде» 13 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан - Манарбек Исайынов. Ол «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасының Алғыс хатына ие болды.

Манарбек ИСАЙЫНОВ, теміржол саласының қызметкері:

- Бұл марапатымның орны бөлек деп есептеймін. Себебі, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алпысбаевтың марапатын алдым. Өте қуаныштымын.

Ал, «Адал еңбегі үшін» төс белгісімен марапатталғандардың бірі - Мұрат Дүйсенов. Оның қарамағындағы 1000 нан аса жұмыскер темір жолдың бойында тиелген жүкті сақтап, Қарағандыдан Саяқ стансиясына дейін дін-аман жеткізеді.  Ол бұл марапатын 33 жылдан астам темір жол күзетінде еселі еңбек етіп келе жатқанының жемісі деп біледі. 

Мұрат ДҮЙСЕНОВ, «Әскериленген теміржол күзеті» директорының орынбасары:

- Бұл әрине алғашқы марапатым емес. Деседе, еңбегімді еліп, қошеметке бөлеп, осындай мрапатқа лайық деп танып жатқандарына алғыс айтамын. Кәсіби мерекеміз құтты болсын!

Теміржолшылардың еңбектері ауыр, әрі төзімділікті талап ететіні сөзсіз. Қазіргі өмірімізді вокзалсыз, вагонсыз және поездарсыз елестету мүмкін емес. Қарағанды теміржол, ауыр жүк тасымалы облыстық бөлімшесінің директоры Марат Ибраев, барша әріптестеріне  ақ тілегін арнады.

Марат ИБРАЕВ, «ҚТЖ» АҚ облыстық филиалының директоры:

- Барша теміржол саласында еңбек ететін әріптестерімді, әсіресе ардагерлерді шын жүрегімнен құттықтаймын. Теміржол саласының адам өміріне, адамзат тарихына қосқан үлесі орасан зор деп білеміз.

Бұдан бөлек бірнеше қызметкер аймақ басшысы мен Октябрь ауданы әкімінің Алғыс хатына ие болды. Осы күні олардың құрметіне көңіл сергітер концерттік бағдарлама да ұсынылды.

Айдана ДАСТАН

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар