Қарағанды облысында Президент Жолдауын жүзеге асыру жолдары талқыланды
Қарағанды облысында Құрылтай депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері мен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері жергілікті тұрғындармен, жастармен және еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесу өткізді. Сапардың мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген бастамалар мен тапсырмалардың мәнін түсіндіру, сондай-ақ жұртшылықтың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдау.

Депутаттардың жұмыс сапары облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бастаған өңір активімен кездесуден басталды. Жиында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер мен алдағы міндеттер талқыланды. Атап айтқанда, инфрақұрылымды жаңғырту, экономиканы әртараптандыру, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, адами капиталды дамыту және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мәселелеріне басымдық берілді.

Одан кейін ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысы Қарағанды, Теміртау және Саран қалаларында жалғасты. Делегация мүшелері Жолдауда көтерілген мәселелерді студенттермен, оқытушылармен және өндіріс қызметкерлерімен тікелей талқылау үшін жоғары оқу орындарына, колледждер мен өнеркәсіп кәсіпорындарына барды.

Қарағандыда Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бақтияр Жазықбаев Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің студенттері және профессор-оқытушылар құрамымен, сондай-ақ «Мэйкер» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Әңгіме өзегіне әлеуметтік саясатты жетілдіру, халықты жұмыспен қамту, білікті кадрлар даярлау және отандық өндірісті өркендету мәселелері арқау болды.

Теміртауда Құрылтай депутаттары Вадим Басин мен Үнзила Шапақ Қарағанды индустриялық университеті мен «Qarmet» АҚ ұжымдарымен жүздесті. Кездесулерде өнеркәсіпті жаңғырту, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өндіріс орындарына озық технологияларды енгізу және инженерлік кадрлар даярлау мәселелері талқыланды.

Саран қаласында Құрылтай депутаттары Айсұлу Сүлейменова мен Александр Данилов Абай Құнанбаев атындағы гуманитарлық колледждің студенттері және оқытушыларымен, сондай-ақ TengriTyres зауытының жұмысшыларымен кездесті. Басқосуларда өнеркәсіп саласын дамыту, инвестиция тарту, цифрландыру және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлау мәселелері сөз болды.

Құрылтай депутаты Айсұлу Сүлейменова Жолдауда айтылған халықтық цифрлық экономика мен жасанды интеллект мәселелеріне назар аударды.
– Жасанды интеллект адамға қандай нәтиже беруімен өлшенеді. Біз осы салада отандық мамандарымызды көбірек дайындауымыз керек. Цифрландыру нәтижесінде оның халыққа және экономикаға қандай әсер ететінін ойдан шығармайық, – деді.

Жастар мемлекеттің ашық диалог орнатуға мүдделі екенін сезініп, өздеріне көрсетілетін қолдауды айқын аңғаруы және бастамалары мен ұсыныстарының маңызды екенін түсінуі керек.