Цифрлық экономикадан «Халықтық құрылысқа» дейін – Қарағандыда студенттермен қандай мәселелер талқыланды
Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінде Құрылтай депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері мен қоғам өкілдері студенттермен кездесті. Басқосуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көтерілген бастамалар мен ел дамуының жаңа кезеңінде жүзеге асырылуға тиіс міндеттер сөз болды.
Құрылтайдың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов соңғы жылдары қолға алынған ауқымды саяси реформалар, жаңа Конституцияның қабылдануы және мемлекеттік басқару жүйесінің жаңғыруы елдегі өзгерістердің келесі кезеңіне негіз қалағанын атап өтті. Ендігі кезекте осы өзгерістердің игілігін әр азамат сезінетіндей нақты нәтижелерге қол жеткізу маңызды.

– Бүгінде жастардың алдында зор мүмкіндіктер ашылып отыр. Мемлекет сол мүмкіндіктерді жүзеге асыруға қажетті жағдай жасап келеді. Ал Президент Жолдауында ел дамуының стратегиялық бағдары айқындалған. Қазір ең бастысы – саяси және институционалдық өзгерістерді әр азаматтың күнделікті өмірінен көрініс табатын нақты нәтижелермен бекемдеу, – деді Асхат Аймағамбетов.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бақтияр Жазықбаев «халықтық цифрлық экономика» тұжырымдамасының негізгі бағыттарына тоқталды. Бұл тұжырымдама цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізуді көздейді. Сонымен қатар еңбек нарығында жаңа мүмкіндіктер қалыптастырып, азаматтардың жұмысқа орналасуына, кәсіпкерлікпен айналысуына және табысын арттыруына жол ашады.
Кездесуде «Халықтық құрылыс» бағдарламасына да ерекше назар аударылды. Қатысушылар жолдар мен инженерлік-коммуникациялық желілерді жаңарту, әлеуметтік нысандарды салу және жөндеу мәселелерін талқылады. Жобаларды белгіленген мерзімде жүзеге асырумен қатар, бюджет қаражатының мақсатты әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз ету, бұл үдеріске қоғамдық бақылауды күшейту қажеттігі де атап өтілді.
Басқосу соңында спикерлер студенттердің сауалдарына жауап беріп, пікір алмасты.