Осыған орай Бұқар жырау ауданында I-ші Халықаралық жыршы-жыраулар фестивалі өтті.  Өнер додасына Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шет елден келген үміткерлер қатысты. Шет елден келген құрметті қонақтармен бірге әр облыстың ақын, жыршы-жыраулары Ботақара кентіне ат басын тіреді.  Алдымен шараға жиналғандар баба ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар, үш жүздің басын қосқан Абылай хан мен Бұқар жыраудың өмірінен сыр шертетін  театрландырылған көріністі тамашалады.  Киелі Сарыарқа жеріне жиналған қонақтарды облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев құттықтап, фестивалге қатысуышларға сәттілік тіледі.

Жандос ӘБІШЕВ,  Қарағанды облысы әкімінің орынбасары

Қасиетті бабамыздың рухына тағзым етуге келген қадамдарыңыз құтты болсын. Өздеріңізге белгілі абыз бабамыз ел, жер тұтастығын ойлаған дара тұлға болған.

Кейін барлық меймандар  Далба таудың етегінде орналасқан Бұқар баба кесенесіне бет алды. Онда Бұқар жыраудың рухына тағзым етіп, осы ауылда орналасқан баба атындағы музейді тамашалады.  Бұл мәдени ошақ  4 бөлмеден тұрады. Мұнда қазақтың ұлы тұлғаларының өмірі мен шығармашылығына бағытталған  құнды мұралар сақталған. Тіпті, 1927 жылы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы арнайы Бұқарекеннің басына қойғызған тас белгісін өз көздерімен көрді.

Темірболат ТОРЫБАЕВ,  Бұқар жыраудың тікелей ұрпағы

Артымнан еріп келе жатқан ұрпақтарыма айтарым, ешқашан бөлінбендер, бір болындар. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген бекер айтылмаған.

Бүгінде Бұқар бабаның жырларын жатқа білмейтін адам кемде-кем. Оған дәлел мына халықаралық жыршы-жыраулардың фестивалі. Өнер додасына тіпті, Алтайдан, бір шеті Алатаудан, Сыр елі мен жыр елінен сайыскерлер келіп, сыңға түсті.

Шагурашид МАМАЛИНОВ, Бұқар жырау ауданының әкімі

Алдағы уақытта мектеп, университет қабырғаларыда Бұқар жыраудың, Төле , Әйтеке, Қазыбек билердің өлеңі мен шығармашылығын түсіндіріп, курстар  өткізсе деген ұсынысымыз бар.

Бұқар жырау ауданында келешекте қазақ әдебиетінің көрнекті өкілінің 350 жылдығына арналған шаралар жыл бойы ұйымдастырылатын болады. Мұны  аудандық әкімдігі  ерекше назарға алған.

Айдана ДАСТАН

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар