Қоршаған ортаның ауыр металдармен ластанып, адам денсаулығына зиян тигізетіні белгілі. Оның түбі түрлі аурудың асқынуына алып келетіні аян. Өндірісті өлке саналатын Орталық Қазақстандағы Теміртау, Балқаш, Жезқазған қалаларында бұл жағдай ушығып тұр. Оныншы сынып оқушысы Асыл Сағындықтың жобасы да осы мәселені шешуге бағытталған. Халықтың денсаулығын жақсартуға өзіндік үлесін қосуды мақсат етеді жас өнертапқыш. Оқушы Асыл Сағындықтың басты мақсаты - ауыр металдардың қарда, суда, топырақта  қаншалықты өзгеріске ұшырайтынын анықтау болыпты.  Ол үшін шәкірт өзінің ғылыми жетекшісімен бірлесе отырып, жоғарыда аталғандардың алдымен үлгісін алып, қаншалықты қаупі барын да зерттеген. Нәтижесінде , ауыр металдар іс жүзінде топыраққа барып, сол жерден өсімдіктерге енеді . Жезқазған , Теміртау және Балқаш қалаларында бұның мөлшері  шекті деңгейден артып кеткен көрінеді. Бұл жобамен Асыл  шамамен екі жыл бойы жұмыс істеген.    Төккен тері зая кетпей, ойластырған жобасы көпшіліктің көңілінен шықты. Оның алдында енді басқа міндет тұр. Ол  Королев қаласында 17  -22 сәуір аралығында  өтетін халықаралық конкурста Қарағанды ​​облысы атынан шығып, ел абыройын асқақтату. 

 

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ