Қарағанды облысында есірткі өндірумен айналысқан қылмыстық топтың заңсыз әрекеті әшкереленді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
"Операция нәтижесінде шамамен 173 мың доза синтетикалық есірткінің қара нарыққа түсу жолы кесілді. Сондай-ақ азаматтар арасынан жаңа "курьерлер" мен жасырын таратушылардың қылмыстық іске тартылуына жол берілмеді, - деді Қарағанды облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ғалымжан Бекболатов.
Алдын ала тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдіктілер үйді зертхана ашу мақсатында жалдап, психотроптық заттарды куратордың нұсқауымен дайындаған. Ал еңбекақылары криптовалюта түрінде төленіп отырған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.