50 жылда іргесі бекіп, керегесі кеңейген, бірлігі жарасып, ырысы тасыған Ынталы жұрты Нұра өзенінің жағасына жиылды. Ауыл іргесіндегі жазық далаға ақшаңқан киіз үйлер тігілген, алыс-жақыннан келген қонақтар мен ауыл тұрғындары алдымен  ауыл өнерпаздарының күшімен тарихтан сыр шерткен мерекелік қойылым мен  концертті тамашалады.  Барша қауымды мерейтоймен құттықтаған ауыл әкімі Аманғазы Сәдуақасов жарты ғасырлық жетістіктерді тілге тиек етті. Ауыл әкімі өз сөзінде тәуелсіздікпен қатар гүлдене түскен Ынталы өңірінің бүгінгі ахуалының тұрақтылығын мақтанышпен жеткізді.

Осыдан 50 жыл бұрын кеңес дәуірінде Ынталы совхозының іргесі  100 ге жуық түтінмен болатын. Сол жылдардан бастап мал шаруашылығына ден қойған ауыл халқының қазіргі таңда 200ден астам шаңырағының басым бөлігі осы саланы кәсіп етуде. Ет сүт өнімдерімен облыс көлемін қамтамасыз етуде ерекше рөл атқаратын ауылдың басты экономикалық табысы да осы мал шаруашылығы мен егін алқаптары. Мерекеге ауылдың құрметті азаматтары жазушы Сүйіндік Жаныспай,  журналист Рымбек Смағұлов, білім саласының үздігіТілек Сәдуақасовтар бастаған қонақтар қатысты. Ауылдың жарты ғасырлық мерейтойы түс ауа  ұлттық спорт жарыстарына жалғасты. Алдымен тұрғындар арасында бас жүлдесі 90 мың теңгелік лоторея ойнатылып, білекті жігіттер кір тасын көтеруден өзара кім мықтыны анықтады.

Қыздар арасында қашықтыққа жүгіруден 20 жасар Диана ҚУАНЖАН қызы алдына жан салмады. Бүгінде қаламыздағы колледждің бірінде оқитын ол ауылының 50 жылдық мерейтойында өтетін дәл осы жарысқа соңғы үш айдан бері дайындалған көрінеді.

Халықтың асыға күткені аламан бәйгенің басталуы болды. Алдымен тай, құнан жарысып, ұзын аяқты асыл тұқымды тұлпарлар тартысқа түсті. Құнан сайыста 16 жасар Ислам Төлеуханның құнаны ауыл әкімі мен оның замандастары тіккен 150 мың теңгені қанжығаға байлады.

Осындай дүбірлеп өткен тойға  қаржылай қолдау көрсеткен нәсібін кәсібінен тауып жүрген бірнеше шаруа қожалық иелері –ауыл азаматтары. Кәсіпкер Бағдат Нығметжанов ауылының 50 жылдық мерейтойына орай жаяу жарыс жеңімпаздарына 90 мың теңге сыйлық  тағайындапты.

Аламан бәйгенің бас жүлдесі 500 мың теңгені құраса, жалпы сайысқа қойылған сыйлық 1,5 миллион теңгеден асып жығылды. Ауыл тойына облыс көлемінен бөлек Жамбыл, Тараз облыстарының шабандоздары да қатысты. Тойға арнап 20-дан астам киіз үйді құрған ауыл тұрғындары игі істі мерейтойға тарту ретінде жасағандарын айтады.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ