Қазақтың біртума перзенті, ағарту саласының ардагері Сләмия Саттаровқа арналған музейде отбасының жеке мұрағатындағы фотосуреттер мен құнды құжаттар қойылған. Сондай-ақ білім саласын дамытуға қатысты әртүрлі тақырыптағы жарияланымдар да бар. Онда сонымен қатар өткен ғасырдың 40-шы, 50-ші, тіпті 60-шы жылдары білім жүйесінде қызмет жасаған сәттері де көрініс тапқан. Мектеп үшін музейді ашу және оны жабдықтау оқушылардың ғылыми-зерттеу және шығармашылық қабілеттерін арттыруға мүмкіндік береді.

Салтанат ЖҮНІСОВА, Сләмия САТТАРОВ атындағы мектеп-лицейінің директоры

Балалар сол бағытта зерттеушілік, ізденушілік жобасын ұсынды. Сол мақсатта қолға алдық. Осы музейді ашып отырмыз. Негізгі мақсатымыз осы. Өмірі өнегемен өрнектелген педагогикалық жүйенің ардагер ұстаздары жайлы айтып, дәріптеу мақсатымыз болды.

Сләмия Саттаров 1923 жылы қасиетті Қарқаралы жерінде  дүниеге келген. Оның ұстаздық қызметі Қарқаралы педагогикалық училищесін бітірген соң бастау алады. Ал, 1948 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетін үздік дипломмен аяқтайды. Білікті ұстаз саналы ғұмырының 45 жылға жуығын шәкірт тәрбиесіне арнады. 1988 жылға дейін қалалық білім бөлімінің басшысы лауазымына дейін көтеріліп, құрметті демалысқа шыққан.

Рымбала ОМАРБЕКОВА, мемлекет және қоғам қайраткері

Тарихи сәт деп айтуға болады. Сләмия Саттаров ерекше жан еді. Өзіміздің жерлесіміз, мақтанышымыз деп айтуға болады. Көптеген мектептердегі музейлерді көріп жүрміз. Бірақ, осы музей ерекше жабдықталған. Ол кісінің еңбек жолы жақсы айшықталған.

Сләмия Саттаровтың көзін көріп, ол кісімен қызметтес болғандардың бірі, білім саласының үздігі Өзбек Бимендин өз ойын былайша ортаға салды

Өзбек БИМЕНДИН, ағарту саласының ардагері

Тәрбиелік мәні бар үлкен шара. Осыған байланысты мұражай ашылып жатыр. Мінеки, осы мұражайға келіп танысып көріп, Сләмия Саттаровтың өмір жолымен танысып жатырмыз. Бұл енді Қарағанды облысы, тіпті республика үшін зор мақтаныш.

Білім ордасының қара шаңырағына 2006 жылы Үкімет қаулысымен  «Ағарту саласының үздігі»  Сләмия Саттаровтың есімі берілген. Қазір мұнда 600-ге жуық оқушы білім алуда. Оларға 50-ден астам білікті ұстаз дәріс беруде.

Сейітқали ӘШІМ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар