Негізгі Жаңалықтар ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ҰЛАНЫ

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ҰЛАНЫ

Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда дүниеге келген Айдос Ғалымов Жаңаарқа ауданының тумасы. Жастайынан Талғат Биткөзов, Диханбай Байшолақов ағаларын үлгі етіп өскен. Бүгінде қазақ күресінен әлем чемпионы. 2015 жылға дейін жеңіл салмақта қарсыластарын шақ келтірмей, еуразия барысында да өзіндік қолтаңбасын қалдырып үлгерген. Грузия, Австрия, Норвегия,  Франция, Ирландия, Германия секілді елдердің мықты бозкілемшілерінің жауырынын жер иіскеткен тәжірибелі спортшы.

Айдос ҒАЛЫМОВ,  қазақ күресінен әлем чемпионы:

-Күреске 7 жасымда келдім. Әкем алғаш спортқа әкелді. Содан бері бозкілемде белдесіп келемін. Әлем, Азия чемпионаттарында топ жардым. Жеңіліс те болды. Тәуелсіздік алған жылдардан бері осы спорттың қалай дамып келе жатқанын көріп келемін. Алда тағы жарыстарға қатысу дайындығы жүруде.

Айдос Ғалымов Өзбекстан елінде өткен Азия чемпионатының да жеңімпазы. Самбо күресінде қоржынды медальге толтырған спортшы уақыт өте келе дзюдоға ауысып та талай мықтының алдын ораған. Ал, 2015 жылы қазақ күресінен 82 келіге ауысқан. Осы салмақта сол жылдан бері талай шыңды бағындырып жүр.

Айдос ҒАЛЫМОВ,  қазақ күресінен әлем чемпионы:

-Карантинге байланысты көп жарыстар тоқтатылды. Бірақ, бабымызды жоғалтпақ мақсатында барлық жігерімізді салып дайындықты жалғастырудамыз. Қазақстан барысы, Еуразия барысы жақсы дамып келеді.

Тәуелсіз елдің ұланы – Айдос Ғалымовтың бүгінгі бапкері Мақсат Ахметбеков. Жүздеген спортшынының қанатын қатайтып, қарым-қабілетін арттыра түскен жаттықтырушы – шәкіртінің алар асуы алда дейді.

Мақсат АХМЕТБЕКОВ,   қазақ күресінен облыстың бас бапкері:

-Обысымыздан әлем чемпионаттары көптеп шығуда. Халықаралық жарыстарда біздің спортшылар алдыңғы лектен көрініп жүр. Тәуелсіздіктің арқасында спортқа ерекше көңіл бөлініп, барлық мүмкіндіктер жасалуда. Осыны ұтымды пайдаланып, тер төгіп жүрген спортшылар жарыстарда топ жарып жүр.

Әлем чемпионы Айдос Ғалымовты телеарнамыздың «Сарыжайлау» кинотеатрымен ынтымақтаса ұйымдастырған «Біз – тәуелсіздік ұрпақтары» атты шығармашылық жобасы аясында назарларыңызға ұсындық. Алдағы күндері де ел намысын қорғап, көк туымызды желбіретіп жүрген спортшылар мен еңбек адамдарын таныта түспекпіз.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Бөлісу