Бала қауіпсіздігі қашанда маңыздылығын жоғалтқан емес. Мысалға, білім беру мекемелерінде бейнебақылау камералары орнатылып, сақтық шараларына басымдық берілген. Оның 23 пайызы полицияның кезекші бөлімдерін жедел басқару орталығына қосылған. Ал 122 ұйымда мамандандырылған күзет қызметі енгізілген. Өткен жылы ауыл мектептерінде 118 дәретхана ғимарат ішіне көшірілген.
Бақтыгүл ӘДЕКЕНОВА, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмысты жетілдіру үшін білім беру ұйымдары қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 2024 жылға дейінгі Жол картасы әзірленді. Биыл оны іске асыруға қосымша 608 миллион теңге бөлінеді. Контингенті 500 адамнан астам 249 ұйымда турникеттер, дабыл қаққыш құрылғылар орнатылады. 617 ұйымда - дауыстық хабарлама жүйесі.
Өңірімізде балалардың мектепке дейінгі, орта және инклюзивті білім алу құқығын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар айрықша жүргізілуде. Балалардың бір-біріне жасайтын зорлық-зомбылығына қарсы тұруға да назар аударылған. Ол үшін білім беру мекемелерінде 900-ге жуық психолог кәмелетке толмағандарға көмектесуде.
Шынар АҚПАРОВА, сапаны қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары:
- Мониторингтік топтың міндеттері - балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру. Оның толыққанды жүзеге асуын бақылау. Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда жан-жақты міндеттемелер қарастырылған. Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейту қажет.
Брифингте полиция өкілдері жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу туралы баяндады. Жаздық лагерьлердегі тәртіпті қамтамасыз етуге ерекше назар аударылып отыр. Ойын-сауық мекемелері мен жағажайларда қауіпсіздік шаралары жүргізілген.
Дәурен ӘБІЛДИН, аға инспектор:
- Барлық жағдайда балалар ата-анасының қарауынсыз қалған. Осыған байланысты ата-аналардан жаз мезгілінде балаларын қараусыз қалдырмауды сұраймыз. Кешкілік уақыттарда назарды арттыра түскен жөн. Балалар қауіпсіздігіне әрбіріміз мұқият қарауымыз қажет.
Қазіргі таңда кәмелетке толмағандар арасында қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың өсуін төмендетуге басымдық берілген. Ол үшін сапалы қызмет мен қауіпсіздік шаралары үнемі назарда болмақ. .
Мақсат БЕЙСЕНАЕВ
Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар