Ақшатау кентіне қарасты Жарылғап батыр ауылындағы Зылиха ана кесенесі ХІХ ғасырдың еншісі. Зылиха ана аузы уәлі, сөзі дуалы қара қылды қақ қақ жарған атағы алты алашқа мәшхүр Бәйсейіт бидің бәйбішесі.Сарым руынан тарайтын Зылиха Шәндігенқызының берекелі дастарханы ешқашан жиылмайтын, алыстан келген қонаққа қабақ шытып қарамайтын деп ел аузынан естіген әпсаналарды еске алады қариялар. Зираттың құлап қалған қабырғасын қалыпқа келтіруге Алматыдағы «Қазреставрация «орталығының мамандары жұмылдырылыпты.Мазардың маңайы темір шарбақпен қоршалып, құлпытас қойылыпты.
Ағымдағы жылы мәдени мұра бағдарламасы бойынша облыс аумағындағы 13 тарихи ескерткішке реставрация жұмыстары жасалған. Он екі аумақта археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліпті. Шет ауданындағы екі бейітті жаңартуға облыстық бюджеттен 3 жарым миллион теңге бөлінген.
Ал Шора ана бейіті жайында нақты деректер көп емес. Дегенмен сәукеле пішіндес кесене саз балшықтан өріліп тұрғызылған. Мамандардың зерттеуіне зәру иректеліп тұрғызылған қабырғаларының қалыңдығы 1,5 метр. Шора ана байдың өжет те өткір қызы болса керек. Бізге жеткен аңыздарда Шора ана елін жау шауып жатқанда басына дулығаны кие салып, дұшпанға қарсы шауып, тойтарыс берген қазақ аруы деп суреттеледі. Салт-дәстүрге сай мазар жанында қос құрбандық шалынып, құран-хатым түсірілді.
Жалпы бұл өңірде республикалық маңызға ие 22 ескерткіш бар.Ауданда қазір қола дәуіріне жататын Беласар қорымы қазылып, зерттелу үстінде.
Жанбота РАХМЕТУЛЛА