Тоқырауын тынысы газетінің 80 жылдық мерейтойы Қасжан Ағеділов атындағы ескерткіш тақтаның ашылуымен басталды. Ақтоғай жұрты басылымда бас редоктор қызметін 20 жыл бойы атқарған ауданның құрметті азаматы Қасжан Ағеділовті еске алып, газеттің шығу тарихы мен бүгінгі тынысын тізбектеді. 1938 алғаш Қызыл ту атауымен жарыққа шыққан басылым, араға бірнеше жыл салып «Арқа еңбеккерлері» болып өзгерген болатын.
Гүлнәр ЕЛЕУСІЗОВА,  «Тоқырауын тынысы» газетінің бас редакторы:

-Газеттің 80 жылдығы қарияның тағдыры, өмір жолы іспеттес. Бізде қазіргі таңда «Сұлушаш», «Мәдени мұра», «Тарих толқынында» секілді бірнеше айдарлар бар. Осы жылдар ішінде бірнеше рет жаңғырып, өзіндік жолын қалыптастырып отыр.

Қазіргі таңда «Тоқырауын тынысы» атауымен ауданның тыныс-тіршілігі мен мемлекеттік саясатты барынша насихаттап келе жатқан басылым мерейтойы мәдениет үйіндегі тамаша кешпен ұласты. Мұнда, өңірдің ақын-жазушылары мен белгілі тұлғалары «Аудандық басылымдардың қазіргі ахуалы» тақырыбындағы облыстық танымдық конференцияда бас қосты. Шара шымылдығын ашқан аудан әкімі Салтанат Әбеуова , дүйім жұртты Ақтоғай ауданының 90 жылдығымен тұспа-тұс келген газет мерейтойымен құттықтады.

Салтанат ӘБЕУОВА,  Ақтоғай ауданының әкімі:

-"Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі" демекші аудандық газеттің орыны ерекше. Елбасының жыл сайынғы жолдаулары мен бағдарламаларын насихаттаумен аудандағы өзекті, өткір мәселелерді көтеріп келеді. Мерейтой құтты болсын.

Аудан әкімінің құттықтау сөзі, ізгі марапатқа ұласты. Алдымен, Тоқырауын тынысы газетінде көп жылын арнаған ардагер қызметкерлерге төсбелгі тағылып,сыйлықтар үлестірілді. Ал, газет ұжымына аудан әкімі жеңіл автокөліктің кілтін табыстады.

Одан бөлек, министрліктер мен Жазушылар, Журналистер одағы, газет, телеарна басшылары атынан толассыз құттықтау хаттары табысталды.  Бүгінде «Тоқырауын тынысы» газеті редакциясы ұжымында 10 адам еңбек етеді. Оның екеуі Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, бесеуі облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының лауреаттары. Осындай белесті бағындырған басылым құрметіне арнайы шығарылған кітаптың тұсаукесері өтті. Ақындар жырдан шашу шашты.

Оралбай ЖҮНІСҰЛЫ, ақпарат саласының үздігі:

-Серік Ақсұңқарұлы ағамыз айтпақшы, мен аудандық газеттің баласымын. Бәрімізде осы газеттің түлегіміз. Бұл газеттен қаламы қарулы небір мықтылар шыққан. Солардың ізімен жастар да бой түзеп келеді.

Ақын, публицист, журналист Мүбарак Жармағанбетов атындағы «Жарқылдап жастар жырласын» атты облыстық жыр мүшайрасы да Ақтоғай жерінің абыройын асыра түсті. Мұнда, облыстың бірнеше аудан, қалаларына келген талант иелері өздерінің шығармашылық жұмыстарымен сынға түссе, эссе жазудан да жеңімпаздар ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Тоқырауын тынысы газетінің 80 жылдығынан ауданның спортшылары да қалыс қалмады. Басылым құрметіне орай өтетін дәстүрлі воллейбол жарысының 48 турнирінде жастар жағы бақтарын сынады. Заманында Жүніс Ыбышев, Ғабдолла Ысқақовтар басшылық еткен газетте соңғы ширек ғасырда Дәуітәлі Стамбеков, Абзал Бөкен, Серік Сағынтай, Серік Ақсұңқарұлы сынды ақындардың алғашқы буыны осы басылымда шыңдалған.  Олардың ізін кейін  Қазбек Ештанай, Бағдат Мүбәрәк, Мүсіркеп Әлімжановтар жалғаған.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар