Саран қаласының №17 мектебінде тарихты тереңдетіп оқытуға ерекше ден қойылған. Тіпті дәліздерінің өзінде мемлекетіміздің және Саран қаласының өткені мен бүгінінен сыр шертетін жан-жақты ақпарат пен қазақ халқының ұлттық мұралары қойылған. Мұндағы «Туған өлке» ғылыми қауымдастығы аймақтың тарихын зерделеп, ұстаздар мен оқушылар республикалық, облыстық ғылыми байқауларда жаңалықтарын дәлелдеп жүр. Тіпті түрлі-түсті журнал да шығарады. Ал, бүгін Игілік би мазарына бармақшы. Игілік бидің мазары Саран қаласына жақын «Бай тамы» деген жерде тұр. Тарихта есімі қалған тау тұлға Ғ.Мүсіреповтың «Оянған өлке» романының кейіпкері. Өз заманында аса беделді, парасатты, адуынды, айтқанынан қайтпайтын өжет адам болған. Патша әкімшілігінің ықыласына бөленіп, 1833 жылы алтын жалатқан күміс мөрді алған. Сондай-ақ Анна лентасына тағылған алтын медальмен және құрметті шекпенмен марапатталған.
Айсезім БЕКТЕМІРОВА № 4 тарих пәнінің мұғалімі
Тәуелсізді жайында айтатын болсақ, Игілік би Өтепұлы Кенесары Қасымов көтерілісіне, Тәуелсіздік үшін шыққан қазақ балаларына,қазақ жауынгерлеріне 100 мың жылқысын көмек ретінде берген. Саран қаласының тарихына көшетін болсақ, Игілік бидің тек қана Бай тамы ретінде айтылып кеткен. Неге Игілік бидің тарихи тұлғасы айтылмай кеткен? Игілік би Қазақ халқының дамуына, қазақ халқының халық болып қалыптасуына тигізген үлесі өте көп.
Оқушылар Игілік бидің өмірі мен егемендік жолында еткен еңбегі, ерлігі туралы зерттеулерімен бөлісті. Ұстаздары Елбасымыздың «Туған жер» бағдарламасының мән-мағанасы жөнінде айтып берді. Алдағы уақытта Саран мектептерінің оқушылары осындай тарихи-мәдени орындарға экскурсия жасауды жалғастырмақ.
Олжас АЙДЫН Саран қаласындағы №4 мектеп оқушысы
Бұл экскурсияға біздің келуіміздің пайдасы өте зор. Себебі, елбасымыздың «Туған жер» бағдарламасына да үлкен қатысы бар. Біз өзіміздің өлкеміздің, туған жеріміздің тарихын білуіміз өзімізге маңызды. Бұл бізді патриоттыққа, отан сүйгіштікке тәрбиелейді деп ойлаймын.
160 жылдан бері тұрған мазардың бүгінде биіктігі 3-4 метр. Көлденең шеңберінен де солай. Төбесі үш қырлы. құбыла жағында ішіне кіріп шығатын ашық қуыс есігі бар. Мұнара-там саз кірпіштен қаланған. Игілік бидің ұрпақтары бүгінде Қарағанды облысында тұрады. Олар 2000 жылы мазарды қоршап, арнайы тасбелгі қойған болатын.
Асылбек ТОЙБЕК