Жылқы – қазақтың жаны, сұлулықтың пірі, тазалық пен тектіліктің символы, мың бір дерттің дауасы. Данагөй бабаларымыз бағзы заманнан-ақ жылқының еті, сүті арқылы небір ауруларды емдеп жазып, жүре алмайтын мешел, сал балаларды аяғынан тік тұрғызып, қатарына қосқан. Сондықтан иппотерапия – ауруға шалдыққан жандар үшін  таптырмас көмек. Қарағандылық нұсқаушыларға емдеудің жаңа түрін үйрету мақсатында еліміздің үздік иппотерапевтері арнайы шақыртылып отыр. 

Аттың үстінде жүріп арнайы жаттығуларды орындау арқылы науқастарға шипасын табуға септігін тигізеді. Мамандардың айтуынша, жылқы терапия сеансынан  кейін  ауруға шалдыққан балалар арқаларын түзу ұстап, өз күштерімен алғашқы қадам жасайтын көрінеді. Ал мұндай емдік шараға жылқы малын дайындау  үлкен еңбекті қажет етеді. Себебі,  бұл жауапты жұмысқа әрбір жануар сай келе бермейді екен.  Атпен жүру емдік шаралары әлі толықтай зерттелмеген, дегенмен онымен серуендеу науқастарға оң әсерін береді дейді мамандар. 

«Ақ тай» қолдау қоры  алты жылға жуық уақыт иппотерапиямен айналысып келеді. Өскемендік мамандар мүмкіндігі шектеулі жандарды аяқтарына тұрғызып қана қоймай, оларды спортқа баулыған.  Айтсақ,   «Спешл Олимпикс»  ұйымдастырған атпен жүруден Лос-Анджелесте өткен соңғы жарыста ерекше спортшылар ел қоржынына 2 алтын, 3 күміс салған.

Райхан САЙРАНБЕКҚЫЗЫ