Бүгінгі таңда Қарағанды облысында 115 пайдалы қазбаларды зерттеуші кәсіпорындар бар. Сондай-ақ кен іздеу және өндіру бойынша аймақта 64 ірі кәсіпорынмен келісімшарт жасалған. Ал 5 мекеменің жұмысы нәтижесіз болғандықтан зерттеу шараларын тоқтатыпты. Бұл құрылыста пайдаланатын тастарды, флюс әктасын, кварц пен кірпіш сазын өндіру бойынша жобалар болатын.
Минералды-шикізат қорын ұлғайту бойынша да жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Оның ішінде Жезқазған өңірін дамыту кешенді жоспарын жүзеге асыруға ерекше ден қойылған. Бұл жерде пайдалы қазбаларды анықтау үшін республикалық бюджеттен 25 млрд. теңге қаржы бөлу жоспарлануда. Мамандар біздің облысымыздың жер қойнауында қатты қазба байлықтың мол екенін айтуда. Темір, марганец, алтын, молибден, барит және көптеген минералдарды табуға болады екен.
Ал инновациялық жобаларға келер болсақ, 2015 жылы жергілікті билік барит кенін өндіру бойынша өндірістік кешен құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Соынмен қатар Қарқаралы ауданында жүзеге асырылатын тау-кен кешені жобасы да аймақ өндірісіне қан жүгіртетініне сенімді. «Сарыарқа» ұлттық компаниясының да өз жобалары бар. «Индустриаландыру картасы» бағдарламасы аясында бірнеше жоба жүзеге асырылыпты.
Асылбек ТОЙБЕК