Осыған дейінгі отырыста Қарағанды қалалық мәслихатының депутаттары тұрғын үй қатынастары бөліміне «Бақытты отбасы» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырған. Сондай-ақ, азаматтарды тұрғын үй сертификаттарымен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды ұсынған. Осы жылы аталған жоба бойынша 145 адам өтініш берген.
Нұрлан БИКЕНОВ, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары:
-Құзыретті органның келісуіне қарай шешім қарауға шығарылатын болады. Бүгінде Тұрғын үй төлемдерінің мөлшері қолданыстағы бекітілген құжатқа сәйкес келеді. Шешім өзгеріссіз қалады деп ойлаймын.
Сессияда Қарағанды қалалық мәслихатының депутаттары үкіметтік емес ұйымдардың биылғы мемлекеттік тапсырыс бойынша жобаларды іске асыруы және алдағы жоспарлар туралы мәселені қарады. Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстарды әкімдіктің үш бөлімі жүзеге асырады. Халық қалаулылары қала әкіміне әр тоқсанда кемінде бір рет осы міндеттердің орындалуына қатысты мониторинг жүргізуді ұсынды. Сондай-ақ, кездесуде қала ішінде және аймақаралық қоғамдық жолаушылар көлігінде қол жүктерін тұрақты тасымалдау тарифтері мәселесі талқыланды. Спикерлер жолақысын қолақша арқылы жүзеге асырудың тиімді тетіктерін қарады.
Әлібек ДҮЙСЕНБЕКОВ, Қарағанды қалалық коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекшісі:
-Алматы қаласы бойынша 16 миллиард теңге көлемінде көлеңкелі экономикалық шығын келген. 2015 жылы қаражат айналымы 7 миллиард теңгені құраса, бүгінде 23 миллиард теңгеге жеткен. Жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көліктердің желіге шығу жиілігі 74-тен 95%-ға дейін өсті.
Қарағанды қалалық мәслихаты депутаттарының ұтымды ұсыныстары мен шығарған шешімдерін қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мақұлдады. Шаһар басшысының айтуынша, сессияда көтерілген өзекті мәселелер бақылауға алынатын болды.
Сейітқали ӘШІМ
Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар