Заңғар Құттыбай Атасу кентінің тұрғыны. Оның құмай тазыларды баптаумен айналысқанына небары 2 жыл болған. Атадан қалған кәсіпті жоғалтпай, жалғастырып келеді. Бойындағы жеті қазынаның бірі саналатын қазақы тазыларға деген қызығушылығы ерекше екенін жасырмады. Қазір 3 құмай тазысы бар. Осы байқауда жас саятшы баптаған тазы бірінші орынды иеленді.
Заңғар ҚҰТТЫБАЙ, тазы баптаушы:
-Менің жалпы жануарларға қызығушылығым - бала кезден жақсы көремін. Енді ауылдың баласымыз. Одан кейін ата-бабаларымыз осы кәсіппен ертеректе айналысқан. Қазаққа аңшылық, саятшылық өнері жақын ғой. Мен бүгін бір құмай тазы итімді әкелдім. Жасы 3-те. Бап шаба ма, бақ шаба ма дейді ғой негізі. Бағымыз жанып, бірінші орынды иелендік. Ерекше баптау қажет етпейді. Бірақ үй тамағымен қатар, дәрумендер беріп тұрамын. Жарысқа 3 күн қалғанда аш ұстаймын. Сондай жақсы жүгіреді. Осымен 2-ші рет жеңімпаз болып отырмыз. Ол күшік кезінен алғыр.
«Құмай тазы» жарысы Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында орайластырылды. Осымен 2-ші рет өткізіліп отыр. Ауданның ауыл-аймақтарынан 70-ке жуық құмай тазы бақ сынасты. Ұлттық спорт өнері жанашырларының айтуынша, еліміз бойынша 1000-ға жуық тазы бар екен. Ал құмай тазылардың саны 300-ден асады.
Бейбіт ХАСЕНОВ, аудандық ұлттық ат спорты қауымдастығының төрағасы:
-Құмай тазы деген бұрын кең насихат таппаған спорт түрі. Жаңаарқаның әр ауылынан Ералиев, Жеңіс, Атасу, Ақтүбек сияқты көптеген ауылдардан келіп қатцсуда. Байқау шарты бойынша құмай тазы жарысы - арлан иттер мен қаншық иттер арасында өтеді.
Жамал Ақпарова Атасу кентінің тумасы. Заты нәзік болғанымен де аттың үстінде еркін шабады. Ол жастайынан ерекше малсақ екен. Әсіресе, ақ боз атқа мініп, аң аулағанды ұнатады. Тіпті жазды күндері ауылдағы жылқының кезегіне ағаларын, әкесін жібермей өзі барады екен. Жамал қыз бүгінде Қарағанды университеті журналистика факультетінде 1-ші курста оқиды. Болмысы нәзік болғанымен мінезіндегі қайсарлық апаларынан дарыған. Қазір Жамал бір әулеттің ғана Жамалы емес, «Жаңаарқаның Жамалы» деген атқа ие болды. Айта кету керек, биылғы өткен байқау да Жамалдың атымен ұйымдастырылды.
Жамал АҚПАРОВА, аңшы қыз:
-Ия, мен кішкентай кезімнен әкем мен ағамның жанында жүріп үйрендім. Өзіме атта шапқан ұнайды. Қыста аң аулаймын. Ең алғаш аулаған жануарым - борсық.
Сәбит АҚПАРОВ, Жамалдың әкесі:
-Қызым Жамалды әркез қолдаймын. Оның бұл қасиеті қаннан барған. Ағаларының қасында жүріп аңға шығады, жазда жылқы бағады. Қызымызды мақтан тұтамыз. Бойында сондай қайсар қасиеті бар.
Айман ЕРМЕКБАЕВА, мектеп мұғалімі:
-Мен Жамалдың ең алғаш қолына қалам ұстатқан ұстазымын. Жамал өте алғыр, шапшаң болды. Сабақты бір айтқаннан ұғып алады. Сонымен қоса, қазақтың ибалы да инабатты қыздарының қатарында.
«Жаңаарқаның Жамалы» атты өткен аудандық байқауда жеңіске жеткен құмай тазы баптаушыларға арнайы алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.
Жаннұр СҮНДЕТУЛЛАҚЫЗЫ
Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар