Қоғам қайраткері Әлімхан Ермековтің туған жылы белгілі болғанымен, көпшлік үшін туған күні беймәлім болып келді. Томск политехникалық университетінің архивінен Әлімхан Әбеуұлы Ермековтің туған күні 25 мамыр деген ақпарат алынған. Ресми дерек бойынша ұлттың ұлы математигі жерленген зират басына жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділері жиылып, құран бағыштады. Ел ағалары Қазақ автономиясын құрудағы Ә.Ермековтің өлшеусіз еңбегін қайталанбас ерлікке балады.
Мирас ҚҰТТЫБАЙ, ҚарТУ-дың проректоры:
-Біз ұлы тұлғалардың есімін ұлықтап, құрмет көрсету парызымыз.
Әлімхан Ермеков жерленген зират басына «Нұр Отан» партиясы, қалалық мәслихат хатшылығы, ішкі саясат пен дін істері басқармасы жетекшілері де жиылды. Алдағы уақытта аумақты абаттандыру, ішкі жолдарды қалыпқа келтіру жөнінде ұсыныстар ортаға түсті. Әлімхан Ермековтің немересі Олег Мағауияұлы да сөз алып, қоғам қайраткерінің мол мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттау бағытындағы жұмыстарға өз алғысын білдірді.
Олег ЕРМЕКОВ, Ә.Ермековтің немересі:
-Тарихта қалған Әлімхан Ермековтің есімін ұлықтап, әрдайым насихаттап жүрген жандарға алғысым шексіз. Ұлы тұлғаның қалдырған еңбегі, атқарған қызметі, халқы үшін жасаған жұмысы – қашанда жадымызда. 130 жылдық мерейтойында да атаусыз қалып жатқан жоқ. Жас ұрпаққа үлгі болған атамыздың еңбегі ерлікке пара-пар.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай Қазақ мемлекеттілігінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Қазақ автономиясын құруда Ә.Ермеков сынды дара тұлғаларға құрмет көрсету әлі де жалғаса түспек. Өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, математикадан тұңғыш қазақ профессорына мемориалдық тақта орнатылды.
Мақсат БЕЙСЕНАЕВ
Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар