Бұл бейнероликтің кейіпкері - Жаңбырбай Қағазбаев. Ол – 68 жаста. Алғашында Алматы педагогикалық шет тілдер институтын бітіріп, 1977 жылдан бастап Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде жұмыс істейді. Студенттерге ағылшын тілін үйретеді. Өзін әлеуметтік желі жұлдызына айналамын деп еш ойламаған ұстаздың ұстанымы да мықты. Академик Евней Бөкетовпен жақын байланыста болған Жаңбырбай Ахметұлы қазірдің өзінде сол сәтті айна қатесіз баяндап берді.
Жаңбырбай КАҒАЗБАЕВ, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың оқытушысы:
- «Мен сізді университетке шақырамын. Менің ойымша, осы шешім дұрыс болады. Сіз білім беруде өзіңіздің үлесіңізді қосуыңыз керек. Бұл ұсынысқа қалай қарайсыз? - деген Евней Арыстанұлы. Мен бірден келістім. Сөйтіп 77-ші жылы Қарағанды мемлекеттік университетіне түстім. Шет тілдерін білу – заман талабы деп алып қарасақ, оны жастарға үйрету мақсатымыз.
Австралиядан келген ұстаз Адольф Гербер Жаңбырбай Ахметұлының ағылшын тіліне деген қызығушылығын оятқан. Осылайша, бесінші сынып оқып жүргеннің өзінде алғашқы сабақтардан бастап болашақта кім болатынын сол кезден таңдап қойған. Оның қазіргі оқушыларынан танымал мұғалімге айналған Жаңбырбай Қағазбаев туралы пікірлерін сұрап көрдік.
Кәмила КҰСАЙЫНОВА, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың студенті:
- Бастапқыда біз бұл идеяны американдық студенттердің арасынан көрдік. Олар өз мұғалімдеріне еңбектері үшін алғыстарын білдіреді. Біз өте әсерлі, өте жағымды идеяны іске асыруды қолға алдық. Мұғалімді қуантқымыз келді. Қазақстанның әр түрлі университеттерінде, өзге оқу орындарында да осындай алғыс акцияларын ұйымдастыра бастады.
Акцияның өзі Жаңбырбай Қағазбаев үшін тосын сый болған. Әлеуметтік желідегі бейнероликті жан-жақтан жібере бастаған. Туыстары, әріптестері, таныстары, студенттер қоңырау шалып, таңданыстарын білдірген. Барлығын бейнероликпен тәнті еткен Жаңбырбай Ахметұлы табыстың сыры - адалдық пен еңбек екеніне сенімді.
Жаңбырбай КАҒАЗБАЕВ, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың оқытушысы:
- Шынында да, қуанышты жағдайдан жанарымнан жас төгілді. Оны ешкімге көрсетпеуге тырыстым. Үнемі жадымда сақтап, ұстаным ететін сөзімді айтар болсам. Адамда ең маңызды қасиеттер болуы керек - әдептілік, адалдық. Бастысы – өскелең ұрпақ үшін пайдалы еңбек ету.
Жаңбырбай Ахметұлы өзінің білімін арттырып, жас ұрпақтың бойына сіңіруді жалғастыра бермек. Шет тілдерін оқыту саласындағы төрт халықаралық грант иегері, шет елдерде жарияланған жүзге жуық ғылыми-әдістемелік еңбектердің авторы.
Мақсат БЕЙСЕНАЕВ
Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар