ММА спорты бойынша жастар арасындағы әлем чемпионатында 23 елден 300-ден астам спортшылар бас қосты. Қазақстан намысын 29 палуан қорғады. Аталмыш жарыс 14-15 және 16-17 жас категориялары бойынша өтті. Ел намысын асқақтатқан спортшылар арасында жерлестеріміз де бар. Игорь Ахматов пен Никита Лямин жекпе-жектің алғашқы үштігіне еніп, қола жүлдені қанжығаларына байлады. Жарыс жолында сәтті өнер көрсеткен саңлақтардың бапкері бұл жарысқа олар тыңғылықты дайындалғанын айтады.
ЗАУР МАЖАТОВ, И.Ахматовтың жеке бапкері:
- Әрине жаттығулар үздіксіз болды. Чемпионатқа дайындық аса жауапкершілікті талап етеді. Соққыны күшейту мақсатында жаттығу залына бокс бапкерлерін де шақырдық. Сонымен қатар, республикалық жаттықтырушыларға құрама ойындарын ұйымдастырғаны үшін де айтар алғысымыз шексіз. Іріктеу 2 кезеңнен тұрды. Бізде арнайы залдар болмағандықтан кей жағдайда спортшыларымызға дұрыс дайындық жетпей қалатын кездер де болады.
Никита Лямин аралас жекпе-жекке бет бұрып, айналысқанына екі жылға жуық уақыт өтсе де жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатындағы қола жүлдеге қол жеткізуі әзірге оның ең жоғары марапаты. Болашағынан мол үміт күттіретін спортшы мұнымен шектелмей, әлі де ел сенімін ақтарына сенімді. Тыңғылықты жаттығу мен кәсіби шеберлігімді арттыра беремін дейді.
Никита ЛЯМИН, әлем чемпионатының қола жүлдегері:
-Мұндай жарыстарда бастысы өзіңе деген сенімділік. Қанша жерден дайын болып тұрсаң да, кей жағдайда жігерсіздік пен сенімділік жетіспей жатады. Ал, бұл жолғы жарыс көңілімнен шықты. Менің әлемдік аренада алғаш рет өнер көрсетуім. Жарыс деңгейі, ондағы жанкүйерлер, барлығы әсерлі. Тәжірибе жинақтадым, жаңа таныс достар таптым.
Ал, Игорь Ахматов өте тәжірибелі балуан. Оның бұл спорт түрінен жеткен жетістіктері көңіл қуантады. Беделді халықаралық додаларда және жекпе-жек спортының өзге түрелі бойынша да жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Бұл жолғы әлем чемпионатында жерлесіміз шаршы алаңда 4 кездесу өткізді. Соңғы жекпе-жегінде қарсыласынан сәл ғана есе жіберіп алды. Балуан өзінің кезекті жеңіске ие болуы жақындарының қолдауы мен бапкерінің дұрыс бағыт-бағдар беруінің арқасы деп біледі.
Игорь АХМАТОВ, әлем чемпионатының қола жүлдегері:
– Спортшылардың барлығының дайындық қарқыны өте жоғары. Жарыс оңай болмады. Алайда біз барымызды салдық. Жетекшілерімізге, ұлттық құрама басшылығына, өзімнің жеке бапкерім Заур Мажатовқа айтар алғысым шексіз. Бізді қолдаған барлық жанкүйерлер мен жақындарыма да ризашылығымды білдіремін.
Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша қазақстандық команданың есебінде бір алтын, үш күміс және сегіз қола жүлде бар. Бұл ретте ел қоржынына 9 медальды нәзік жандылар салған. Ал, жалғыз алтынды Батыс Қазақстан облысының спортшысы Раяна Ақдәулетова жеңіп алған.
Азамат СЕРІКХАН
Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар
.