«Сөйлеп тұрған - Қарағанды телевиденисі». 60 жыл бұрын Қарағанды тұрғындары теледидарларын қосып, алғашқы дикторлардың сөзіне құлақ түрді. Ал, экранның ар жағында ХХ ғасырдағы осы ғажайыптың негізін қалаған журналист, режиссер, техник сияқты әртүрлі мамандардың көрінбейтін еңбегі ерен еді.
Телеарна қызметкерлерін республикалық эфирдің қалыптасуына үлкен үлес қосқан аға буын өкілдері құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Биыл жалпы қазақ телевизиясының құрылғанына 60 жыл. Аймақтың басты айнасына тілегін білдіруге ат артылтып арнайы келген «Қазақстан» РТРК бұрынғы басшыларының бірі, белгілі журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұртілеу Иманғалиұлы «Сарыарқа» телеарнасының терең тарихы мен ақпарат саласындағы алар орнын атап өтті.
Нұртілеу ИМАНҒАЛИҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Биылғы жылы бүкіл қазақ телевидениесінің тойланып жатқаны шындыққа деген, тарихқа деген, биліктің ықыластың көрінісі деп қабылдаймын. Ұзағынан сүйіндірсін.
Аға буын өкілдерінің құттықтау легі толастамады. Галина Рахимова телеарна келбетіне айналған белгілі диктор. ҚР Мәдениет қайраткері өмірінің 40 жылын Қарағанды телеарнасына арнаған. Көгілдір экранның көркі, радио мен телеарнаны қатар алып жүріп, екі тізгін бір шылбырды тең ұстады. Жұртшылыққа жағымды дауысымен жаңалықтарды жеткізді. Жас буын тәрбиелеуде қосқан еңбегі орасан. Атақты диктор ардагерлер атынан алғыс айтты.
Галина РАХИМОВА, «SARYARQA» телеарнасы ардагерлер кеңесінің төрайымы:
- Баршаңызды мерекемен құттықтаймын. Бүгін біз 60 жылдыққа жеттік. 70-80 жылдыққа да жете беріңіздер. Дендеріңіз сау болсын.
«SARYARQA» ұжымын мерейтойымен облыстың кәсіпорын, мекеме-ұйым, аудан басшылары, депуттар мен мәдениет қайраткерлері құттықтады. Көп жылдардан бері әріптестік байланыс орнатқан серіктестер де телеарнаның жұмысына жоғары баға берді.
Талғат МАҒЗҰМОВ, «Қазақмыс» корпорациясы атқарушы директорының орынбасары:
- Сарыарқа телевидениесінің ұжымы және ардагерлері! Мінекей бүгін мерейтой 60 жылдық тойларыңызды тойлап отырсыздар. Мен Қазақмыс корпорациясының өткелі болып сіздерге еңбекшілеріміздің атынан құттықтау жолдаймын, оң тілек тілеймін.
Қарағанды телевидениесінің 60 жылдығына орай телеарна ұжымына ҚР Ақпарат және Коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың құттықтау хаты келді. Қазақ телевидениясының дамуына қосқан үлесі үшін арнамыздың 17 қызметкері арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Тағы бесеуіне «Қазақстан» телекорпорациясы басқарма төрағасының «Құрмет грамоталары» табыс етілді.
Нұрлан ОКАҰЛЫ, «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары:
-Ұшқан құстың қанатталатын, жүгірген аңның тұяғы тозатын біздің сайын даламыз Сарыарқаның атын емденген телеарнаның 60 жылдық мерейтойы құтты болсын!
Тарихы тереңнен бастау алатын телеарнамыз өзіндік калыптаскан дәстүрі мен қағидасы бар, казыналы қара шаңырақ. |
Бүгінде «Сарыарқа» телеарнасы мемлекетіміздің салиқалы саясатын ұстанған аймағымыздың басты арнасы. Билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір. Жаңалықтардың жаршысы. Қоғамдық, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне арна тілшілері қалам қайратымен сүбелі үлестерін қосуда. Бүгінгі таңда телеарна уақыттың талабына сай жабдықталып, жаңа технологиялар енгізілген. Көрермен көзайымына айналған бағдарламалары жетерлік. Кадр құрамы да мықты мамандардан құралған.
Берік ДҮЙСЕТАЕВ, «SARYARQA» телеарнасының директоры:
-Қазір осы өзгерістерде туып сол завод, фабрикалардың салынуына, іргетасының қалауына оны іске қосуда біздің телеарна ұжымы соны біліп, қатысып соны эфирге шығарып отыр. Елбасымен 40-қа таяу телемост өткізген екенбіз.
Айта кетейік, тарихы бай, дәстүрі мол облыстық «Saryarqa» телеарнасы алғаш рет 31-ші тамызда эфирге шықты. Кеншілер күнінде бағдарлама көрерменге жол тартты. Осылайша, республикадағы беделі биік, абыройы асқақ теларна өзінің асқаралы алпыс жылдығын жоғары деңгейде атап өтті. Облыстың жылнамасын, тарихын қалыптастыруда ары қарай да телеарна ұжымы тынымсыз еңбек ете бермек.
Райхан САЙРАНБЕК
Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар