Салтанатты кеш алдындағы сахна сыртындағы сәт бұл. Құшақтары гүлшоқтарға толған шәкірттер - жүздері нұрға толған ұстаздарын құттықтауға дайындалып жатыр.
Расул НӘБИ, №1 мектеп оқушысы:
-Мен түсінемін мұғалімдер жұмыстары өте қиын. Бірақ, біз оларды шаршатпауға тырысамыз. Біз шәкірті ретінде олардың үмітін ақтауға тырысамыз. Бүкіл мұғалімдерге үлкен бақыт, зор денсаулық тілеймін.
«Алты алаштың басы қосылса, төр мұғалімдікі»,- дейді Алаш зиялылары. Хәкім Абай атындағы ауданның мәдениет үйі бүгін дәл осы құрметті тұлғаларға лық толды. Өз кезегінде олар тіпті мұғалімдер күні болып жатқанына қарамастан шәкірттеріне жетістік ал, елге тыныштық тіледі.
Айзат НАЗИРОВА, Топар кенті «Ақерке» балабақшасының директоры:
-Әр мұғалім әр педагог үшін алдағы шәкіртінің жетістігін көріп, берілген білімін бала күнделікті өмірде пайдаланса, ол біз үшін үлкен қуаныш.
Жартын КЕМЕЛХАН, Сәрепті орта мектебінің тарих пәні мұғалімі:
-Президент жолдауына сәйкес мұғалім мен шәкіртке қойылар талап жоғары болып тұр. Сол үрдістен шығу үшін бар күш жігерді аямай жұмсап жатырмыз. Бүгінгі мұғалімдердің кезекті мейрамымен күллі ҚР ұстаздарды шын жүректен құттықтаймын.
Ұстаз алдында ақын да әкім де бас иетіні даусыз. Қалыпты қағиданы бұзбаған аудан әкімі Бауржан Асанов аудан ұстаздарын кәсіби мерекесімен құттықтап, оларға ата-ана, тіпті мемлекет үлкен сенім артатынын жеткізді. Сондықтан үмітті ақтайтын төзім қажет деп түйді.
Бауржан АСАНОВ, Абай ауданының әкімі:
-Тәуелсіз еліміздің ертеңі білімді ұрпақ десек, оларға білім нәрін сіңіріп, рухани нұр құятын құрметті ұстаздар сіздерсіздер. Ұстаздар қауымына жүктелген осы ауқымды міндет әрі сенім абыроймен атқарыларына мен сенімдімін. Қымбатты мұғалімдер өскелең ұрпақты оқытуда және тәрбиелеуде сіздерге мықты денсаулық, құт-береке бақыт, еңбекте жаңа жетістіктер тілеймін.
Кеште ұстаздарға көлемі 30 мыңнан 1 миллион теңге аралығында.қаржылай сый сияпат табысталды.
Кеш өнерпаздардың әсем ән шашуымен жалғасты. Ұстаздар алдында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі опера әншісі Жан Тапин өнер көрсетті.
Дәуренбек БАҚДӘУЛЕТ
Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар