Қоянды жәрмеңкесінің қазақ тарихында алатын орны ерекше. Арқа өңіріндегі осы бір сауда-саттық пен мәдениеттің мәйегіне айналған атақты Қоянды жәрмеңкесінің 170 жылдығы мерейтойлық арнаулармен басталды. Тау баурайындағы құрылған ақшаңқай киіз үйлер мен күмбірлі күй ауыл жұртын қуанышқа бөледі. Алдымен, Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтов барша қауымды ұлы тоймен құттықтады.
Халел МАҚСҰТОВ, Қарқаралы ауданының әкімі:
-Ауыл халқының мерейтойға бір кісідей атсалысқанына қуаныштымын. Тарихта орны ерекше жәрмеңке ұмыт қалмасы анық. Небір қазақтың біртуаарлары осында болған. міне соның жалғасын көріп отырмыз.
Алыс-жақыннан келген құрметті меймандар да сөз алып, көп жылдан бері өткізілмей қалған жәрмеңкенің жаңғыра түскенін жақсылыққа балады. Ал, Қоянды жәрмеңкесінің сол заманғы көрінісін, жиналған қауым ерекше ықласпен тамашалады. Алдымен, қарағандылық театр әртістері қазақ өнерінің шоқжұлдыздары атанған Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Балуан Шолақ секілді ұлтымыздың біртуар ұлдарын қойылым арқылы халыққа паш етті. Оның ішінде, күш атасы Қажымұқанның бейнесі әдемі сомдалып, дүйім жұрттың таңданысын тудырды.
«Қоянды жәрмеңкесінің» негізін қалаушы Ялуторовскілік көпес Ботов екенін тарих айғақтай түспек. Оның тікелей ұрпағы Вероника Ботова да осы кештің басты қонағы болды. Айтуынша, атасы Варнава Ботов 1848 жылдың мамыр айының ортасында болашақ Қоянды жәрмеңкесінің орнына келіп, қытай көпестерін тоспастан-ақ, жергілікті халыққа әкелгендерін малға, тері-терсек, жүн-жұрқаға айырбастаған көрінеді. Саудасы қызу жүрген орыс көпесі аз уақыттың ішінде әкелгендерін өткізіп, біршама байлыққа кенеліп үлгерген.
Вероника БОТОВА, Варнава Ботовтың ұрпағы:
- Менің атамның әкесі Варнава Ботовтың осы жерде алдымен арбасы сынып, алып келе жатқан заттарын осы жерде сата бастаған. Кейін, бұл сауданың нағыз ордасына айналыпты. Одан кейін, шет елдерден бақуатты жандар ағылып келе бастаған. Қолымда Петр Леоновичке берген марапат бар. Мына кестені өзім жасадым. Бұл Қарқаралыда туған барлық Ботовтар ұрпағы.
Сол заманда Үндістан, Моңғолия, Қытай, Ресей, Жапония елдерінен саудагерлер ағылып келсе, бүгінгі жәрмеңкеге аудан жұрты жаппай атсалысты. Осы орайда, театрландырылған қойылымды спорттық сайыстар аша түсті. Оның ішінде, воллейбол, футбол жарыстары тартысқа толы болды. Ал, жауырынын жерге тигізбеуді місе тұтқан палуандар жағы бозкілемде белдесіп, бар-күштерін салды. Осы сәтте, ауданның әр түкпірінен келген қожалық иелері мен саудагерлері киім-кешек, азық түліктен бөлек, қой, сиыр секілді мал бастарын тірідей сатып жатты. Оның ішінде, қазақтың ақ бас тұқымы да сатылымға қойылған.
Ерболат ЫСҚАҚОВ, Қарқаралы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:
-7-8 ауылдан малдар әкеліп сатып жатыр. Қойлар 17-18 мыңнан сатылуда. Бұл базар бағасынан әлдеқайда төмен. 170 жылдық Қоянды жәрмеңкесіне тарту ретінде өзге ірі қара мен тұрмыстық заттар сатылуда.
Қоянды жәрмеңкесінің 170 жылдығына жалпы 2000 астам адам қатысып, мерейтой көркін қыздыра түсті.
Мақсат БЕЙСЕНАЕВ
Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар