Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерқара Аймағамбетовтің айтуынша, барлық ұйымдастыру мәселелері жергілікті әкімдіктермен бірлесіп шешілді. Сайлаушылар тізімін нақтылау жалғасуда. 22 шілдеден бастап бюллетеньдерді дауыс беру орындарына жеткізу басталады.
Ерқара АЙМАҒАМБЕТОВ, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Бүгінгі таңда сайлау комиссияларының алдына тізімдердің деректер базасына 100% сәйкестігі туралы міндет қойылды. Мұнда ауылдық округ әкімдері сайлау учаскелерімен, аумақтық комиссиямен бірлесіп жұмыс істеуге көмектеседі.
Ал, елдегі ахуалға байланысты саяси науқан санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып өтеді. Сайлау учаскелерінде Ashyq жүйесі іске қосылады. Әлеуметтік арақашықтық, жеке қорғаныс құралдары да қамтамасыз етіледі. Жұқтыру тәуекелдерін азайту мақсатында дауыс беру кабиналары алдыңғы пердесіз болады.
Юрий ЗАЛЫГИН, облыстың бас санитарлық дәрігері:
- Шарттардың бірі – сайлау комиссияларының мүшелерін КВИ-ге қарсы вакцинациялау. Бүгінгі күні вакцинациялауға жататындардың 72%-ы толық егілді. Қалғандары вакцинаның бірінші компонентін алды. Сайлау учаскелерінде болатын бақылаушылар мен сенім білдірушілер үш күннен кешіктірмей алынған ПТР тестінің теріс нәтижесін ұсынуы керек.
Өңір басшысы сайлау бөлімшелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын және мүмкіндігі шектеулі жандарға оңтайлы жағдай жасалуын назарға ұстауды тапсырды. Санитарлық талаптарды да толық қамтамасыз етуді атап өтті.
Жеңіс ҚАСЫМБЕК, Қарағанды облысының әкімі:
– Ауыл әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауына бірнеше күн қалды. Біздің ортақ жұмысымыз – олардың ашықтығын, айқындығы мен заңдылығын қамтамасыз ету. Әр дауыс маңызды. Ауыл тұрғындары келіп, өз таңдауын жасап, өздерінің конституциялық сайлау құқығын іске асыра алуы қажет.
Естеріңізге сала кетейік, облыста ауыл әкімдерінің алғашқы сайлауы 25 шілдеде 149 елді мекенде өтеді. 75 орынға 268 үміткер. Оның 81-і саяси партиядан, ал 187-і өзін-өзі ұсынғандар. Болашақ ауыл басшысына 81 мыңнан астам сайлаушы дауыс бере алады.
Азамат СЕРІКХАН
Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар
.