Негізгі Жаңалықтар Шекарасыз спорт: Қарағандыда ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған жаңа секция ашылды

Шекарасыз спорт: Қарағандыда ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған жаңа секция ашылды

Шекарасыз спорт: Қарағандыда ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған жаңа секция ашылды

Қарағанды облысында инклюзивті спортты дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Нұркен Әбдіров атындағы спорт сарайында «Жас Жауынгер» дене шынықтыру-сауықтыру клубының «Тұсау кесер» секциясы өз жұмысын бастады. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балалар авторлық әдістеме негізінде спортпен тегін айналыса алады.



«Жас Жауынгер» клубы 2018 жылы Астана қаласында құрылған. 2022 жылдан бастап «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жоба еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылып келеді. Негізгі мақсат — мүмкіндігі шектеулі балаларға бейімделген спортпен тегін шұғылдануға мүмкіндік беру, олардың физикалық дамуына және қоғамға белсенді араласуына жағдай жасау.



— Біз балаларды спортқа бейімдемейміз, керісінше спортты әр баланың мүмкіндігі мен қажеттілігіне қарай икемдейміз. Әдістемеміздің басты ерекшелігі — бұл емдік дене шынықтыру емес, өзге балалар секілді толыққанды жаттығу. Балалар кәдімгі спорт залында жаттығып, арнайы спорттық киім киіп, өздерін нағыз спортшы ретінде сезінеді. Бұл олардың өз күшіне деген сенімін арттырып, қатарластарынан еш кем емес екенін түсінуіне көмектеседі, — деді клубтың негізін қалаушы, әдістеме авторы Садық Байымбетов.



Бағдарлама жалпы дене дайындығына және жекпе-жек элементтеріне негізделген. Секциядағы барлық жаттықтырушылар арнайы дайындықтан өткен.



— Жауынгерлік әдістер балаларды күресуге немесе боксқа үйрету үшін пайдаланылмайды. Біз үшін бұл — ең алдымен оңалтуға бағытталған құрал. Әдістеменің бірегейлігі де осында, - деді Қарағандыдағы секция жаттықтырушысы Игорь Эрзямкин.



Секция ресми ашылғанға дейін бірнеше ай бойы сынақ форматында жұмыс істеді.



Алғашқы тәрбиеленушілердің бірі — Даун синдромы және аутизм спектрі бұзылысы бар сегіз жасар бала. Анасы Гүлмира Жұмашеваның айтуынша, баласының жаттығуға бейімделуіне шамамен екі ай уақыт кеткен.


— Алғашында ұлым жаттығуға барғысы келмеді, кейде сабақ кезінде жай ғана жатып алатын. Қазір ол спортзалға қуана келеді, берілген тапсырмаларды орындайды және өз мүмкіндігіне қарай жаттығады. Жаттықтырушылар өте шыдамды, әр баланың тілін тауып, дұрыс бағыттай біледі, — дейді Гүлмира Жұмашева.

Қазіргі таңда Қарағандыдағы секцияға 5 пен 18 жас аралығындағы 25 бала қатысып жүр.

Жоба аясында жаңа бастамалар да қолға алынуда. Клуб мамандары 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған armback («қолды артқа қарай бұру») спорт түрін әзірледі. Сонымен қатар арбадағы спортшыларға жарысуға мүмкіндік беретін арнайы үстел құрастырылды. Осындай жабдықтардың бірі Қарағанды филиалына орнатылып, секцияның ашылу рәсімі кезінде балалар жаңа мүмкіндікті алғаш рет сынап көрді.

Жоба авторлары алдағы уақытта armback спорт түрін Паралимпиада ойындарының ресми бағдарламасына енгізуге қол жеткізуді жоспарлап отыр.

Бөлісу