Семинардың басты мақсаты-бірлескен тренингтік тәжірибе алмасу арқылы азаматтық қоғам өкілдерінің инклюзивтік қоғамға деген көзқарасы мен санасын өзгерту .
Айгүл СӘДУАҚАСОВА, Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының басшысы:
- Қарағанды қаласында «Инклюзивті қоғам» деген тақырыпты бүгін ашып жатырмыз. Бұл тренинг мемлекеттік емес ұйымдарға, этномәдени бірлестіктерге арналған. Соның тақырыбы не нәрсеге бағытталған дейсіз ғой. Біріншіден, инклюзивті қоғам дегеніміз, ол - барлық қоғамдағы бар әлеуметтік топтардың ешқандай ерекшеліктеріне қарамастан бәрін де бір орта қалыптастыру. Бәрінің де қызметі бір, ортасы бір, кеңістігі бір болу керек деп ойлаймыз. Негізі бұл біздің мәдениетімізде де бар, бұл біздің дәстүрімізде де бар. Әрине, қазіргі таңда көп жағдайда инклюзивті деген ұғым ерекше талаптары бар жаңдарға, ерекше мүмкіншіліктері бар балаларға арналған деп жүрміз.
Сонымен қатар семинар барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы аясында жарық көрген «БҰҚАР ЖЫРАУ: ҒҰМЫР БЕЛЕСТЕРІ» -атты 500 данамен шыққан кітаптың тұсау кесер рәсімі өткізіліп, көпшілікке таныстырылды. Кітап авторы жерлесіміз,белгілі ғалым,тарихшы профессоры Жамбыл Артықбаев. Ол заманында көмекей әулие атанған Ұлы жыраудың өмірі мен шығармашылығын көптеген жылдар зерттеп, зерделеп бір жүйеге түсірген. Ғалымның айтуынша,бұл еңбекте Бұқар жыраудың ғылыми сараптамадан өткен толық мұрасы жинақталып, жырау толғауларындағы көнерген ұғымдар мен түсініктерге жан-жақты талдау жасалған.
Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарихшы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры:
- Бұл кітап былтырғы жылғы бабамыздың мерейтойына арналған кітап болатын. Бұл кітапты жазған себебім, бірнеше мәселелер болды. Бірнеше мәселені анықтай кету керек болды. Біріншіден, өмірбаяны. Бұқар Жыраудың өзі бастан-аяқ өмірін шолып, нақты-нақты жылдарменен көрсетілген кітап жоқ. Мен 1993 жылы «Бұқар Жырау – 12 тарих» деген кітап жаздым. Бірақ енді ол үлкен картина болатын да, оның ішінде нақты-нақты жылыменен көрсетуге болмады, үлкен кітаптың ішіне кіріп кетті. Соның ішінен іріктеп алып, туған жылы, жырау боп танылған жылы, хан сарайына барып ақыл-кеңес айтып жырау атанған жылы деген сияқты, осылай өмірінің соңына дейін алып келдім.
«Ғұмыр белестері атты» жинақтың жарық көруіне орай әдебиеттанушылар, тарихшы-ғалымдар мен баба есімімен аталатын аудан орталығынан келген делегация мүшелері де өз пікірлерін білдіріп,ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, шараның құрметті мейманы ретінде шақырылған шежіреші, жыраудың ұрпағы Ғалымтай Бақтиярұлы тұщымды ой айтты.
Ғалымтай БАҚТИЯР, Бұқар жыраудың ұрпағы:
- Әлі де болсын Бұқар жырау еңбектері сөнбейтін шырақ,өшпейтін бұлақ.Осы бұлақтан келешек ұрпақтарды түгел сусындата білуіміз керек.Сусындата беруіміз керек.Міне осы міндет ендігі мына жастарға үлгі-өнеге.
«ҒҰМЫР БЕЛЕСТЕРІ» атты туынды бұқартанушылар мен осы тақырыпқа қызығушылық танытқан оқырман қауымға арналған.Семинар соңында туындының авторы Жамбыл Омарұлы өз қолтаңбасы бар жинақты облыс кітапханаларына «Достық үйіне» және жиналған қауымға тарту етті.
Рухани шара облыстық халық Ассамблеясы мен «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өтті.
Сейітқали ӘШІМ
Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар